Мозамбиктің солтүстігінде радикалды діни топтармен қақтығыста Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапты деп хабарлады құпия дереккөзге сүйенген Carta de Mocambique басылымы. Сарбаздар "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет еткен.
Басылым дерегінше, 27 қазанда Кабу-Делгаду провинциясында Ресей жалдамалылары жергілікті содырлардың қоршауында қалған. Қақтығыс кезінде үкімет әскерінің 20 сарбазы және Ресейдің бес жалдамалы сарбазы қаза тапқан.
Олардың сүйектері Муеда қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Ресей билігі бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.
Мозамбиктің солтүстігінде үкімет күштері мен діни радикалды топтар арасында 2017 жылдан бері қақтығыс жалғасып келеді. Ресей мен Мозамбик 2015 жылы әскери-техника бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойған. Екі мемлекет арасында әскери әріптестік орнату туралы 2016 жылы қол қойылған келісім де бар. Алайда осы уақытқа дейін Мозамбикке ресми түрде әскерилер жіберілмеді.
Қазан айының басында Carta de Mocambique "Вагнер" жалдамалы әскери тобында қызмет атқарған бір сарбаздың содырлар шабуылы кезінде қаза тапқанын хабарлаған. Бұл ақпаратқа байланысты түсініктеме берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Мозамбикте Ресей әскері жоқ" деген.
Ресей 2014 жылдан бері Африканың 20-дан астам елімен әскери әріптестік туралы келісім жасасқан. Олардың арасында ОАР, Мали, Конго, Руанда, Мадагаскар бар. Орталық Африка республикасында "Вагнер" тобы жергілікті сарбаздарды даярлауға атсалысады.