Британ парламенті қауымдар палатасының жаңа төрағасы болып лейборист Линдси Хойл сайланды. Бұл қызметті 2009 жылдан бері Джон Беркоу атқарып келген.
Хойл дауыс беру рәсімінің төртінші сатысында 325 депутаттың дауысын алып, жеңіске жетті. Төраға қызметіне 7 кандидат таласты.
Алпыс жеті жастағы Хойл парламентке алғаш рет 1997 жылы сайланып, 2010 жылдан төраға орынбасары болған.
Қауымдар палатасы сейсенбі күні таратылады. Желтоқсанның 12-сіне сайланатын жаңа құрамы жаңа төраға сайлауына болады, алайда олай болмайтыны белгілі болып отыр. Дәстүр бойынша төраға парламентке өз округінен балама кандидатсыз сайланады.
Джон Беркоу 31 қазанда орнынан түскен. Бұл күн Британияның Еуродақтан шығатын күні деп белгіленсе де, Брекзит тағы да шегерілген.
Танымал әрі ықпалды саясаткер Беркоуды соңғы айларда негізінен бұрынғы партияластары – консерваторлар "парламенттегі бірқатар процедураларды үкімет пайдасына жығып берді" деп сынаған. Төраға ұстанымының арқасында оппозиция премьер Борис Джонсонды Брекзитті кейінге қалдыру жөнінде сұрауға мәжбүрлейтін заң қабылдауға мүмкіндік алған еді.