Жексенбі, 9 қарашада Ресейдің Приморье өлкесінде "киттер түрмесінде" қалған соңғы 31 ақ дельфинді теңізге жіберді. Бұл ақпаратты Тынық мұхитының балық шаруашылығы және океанография ғылыми зерттеу институты хабарлады. Осыдан екі күн бұрын мамандар 50 дельфинді суға жіберген. Өткен жылы Охот теңізінен заңсыз ұсталып, "киттер түрмесіне" қамалған жануарлардың барлығы бостандыққа шықты.
Greenpeace өкілдері Ресей шекарашыларының жануарларды босату процедурасына соңына дейін қатысуға рұқсат бермегенін айтты. Олардың кемелері босату аймағынан бірнеше жүз метр жерде болған. Сондықтан Greenpeace өкілдері ұзақ уақыт қамауда болған дельфиндердің жағдайын бағалай алмаған.
2018 жылы Охот теңізінен 11 кит пен 90 ақ дельфинді ұстап, Қытайдағы океанариумға сатпақ болған. Оларды Приморье өлкесіндегі Находка қаласы маңында вольерде ұстаған. Құқық қорғаушылар оны "киттер түрмесі" деп атады. Кейіннен бас прокуратура және өзге де қадағалау орындары жануарларды заңсыз ұстағанын анықтаған. Жануарларды биыл жазда ғана босата бастады.