АҚШ және Түркия басшылары конгрестің жоғары палата өкілдерімен бірге F-35 истребителін құрастыру бағдарламасы төңірегіндегі мәселелерді талқылады. Бұл ақпаратты АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі, 13 қарашада Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездескеннен кейін өткен баспасөз жиынында айтты.
Түркия Ресейдің С-400 зенитті зымыран кешенін сатып алғаннан кейін Вашингтон Анкараны F-35 бағдарламасынан шығарып тастаған. Бұл бағдарламаның болашағына тоқталған Трамп "әріптестікті жалғастырудың түрлі амалдары бар" деді.
"Біз бір амалын қарастырамыз" деді Трамп.
АҚШ президенті сонымен қатар екі мемлекеттің сауда-саттық бойынша әріптестікті дамытуға бейіл екенін айтты. Келіссөз алдында Трамп екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 20 миллиард доллар екенін еске салды. Бұл көрсеткіш 100 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
Қазан айының басында Түркия Сирия солтүстігінде әскери операция бастағаннан кейін екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас ушыққан.