Украинаның қауіпсіздік қызметі Киев облысында Грузияның ішкі істер министрлігі және АҚШ-тың барлау басқармасымен (ЦРУ) бірігіп, арнайы операция өткізіп, ДАИШ ("Ислам мемлекеті") жетекшілерінің бірін ұстағанын хабарлады.
Әл Бара Шишани деген атпен белгілі Грузия азаматы экстремистік топтың құрамына 2012 жылы кірген.
"2013 жылы ол ДАИШ жетекшілерінің бірі болды - Әбу Омар әш-Шишани деген атпен белгілі әскери әмірдің орынбасары болды. 2016 жылы әш-Шишани өлгеннен кейін әл Бара Шишани Түркияға барып, террористік ұйымның қызметін жалғастырды" делінген Украинаның қауіпсіздік қызметі таратқан мәлімдемеде.
Украинаның арнайы қызметінің дерегінше, ол Украинаға 2018 жылы жазда жалған төлқұжатпен келіп, сол жақтағы содырлардың қызметін үйлестірген.
"Құқық қорғау органдары қылмыскерді Киев облысында тұрып жатқан жеке үйінің маңында ұстады. Сараптама қорытындысы оның шынымен де іздеу жарияланған "Ислам мемлекеті" жетекшілерінің бірі екенін дәлелдеді" делінген мәлімдемеде.
Қазір құқық қорғау органдары әл Бара Шишанидің Украина аумағындағы қылмысқа қатысын тексеріп жатыр.