АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 18 қарашада Израиль басып алған Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы еврей қоныстары жайлы АҚШ ұстанымы өзгергенін хабарлады. Вашингтон мұнан әрі еврей қоныстары халықаралық құқықты бұзып тұр деп санамайды. Помпео Батыс жағалау мәртебесі Израиль мен палестиналықтар арасындағы келіссөзде анықталуы керек деп есептейді.
Вашингтонның бұл шешімі бұрынғы президент Барак Обама әкімшілігінің ұстанымынан түбегейлі өзгеше дейді Би-би-си. Палестина автономиясының жетекшісі Махмұд Аббастың өкілі АҚШ-тың бұл шешімін "халықаралық құқыққа қайшы келетін шешім" деп атады.
АҚШ-тың шешімін Израиль мақұлдады. Израиль премьер-министрінің кеңсесі "тарихи қатенің енді түзетілгенін" мәлімдесе, қыркүйектегі сайлауда жеңген "Кахоль - Лаван" партиясының жетекшісі Бенни Ганц те Помпео мәлімдемесін құптады.