Талибан тұтқындағы екі профессорды "босатты"

Кабулдағы Америкалық университетінің екі профессоры Кевин Кинг (АҚШ азаматы) пен Тимоти Уикс.

Талибан қозғалысы Кабулдағы Америкалық университетінің екі профессоры – 60 жастағы Кевин Кинг (АҚШ азаматы) пен 48 жастағы Тимоти Уиксті (Австралия азаматы) тұтқыннан босатқаны хабарланды.

Ауған билігі мен Талибан қозғалысының хабарлауынша, екі профессор 19 қарашада тәліптердің бақылауындағы Забул аймағы Наубахар ауданында босатылған. AFP ақпарат агенттігі полициядағы дереккөздеріне сілтеме жасап, екі профессорды америкалық тікұшақтар алып кеткенін хабарлады.

Талибанның өкілдері Ауғанстан билігі тұтқын алмасу кезінде тәліптердің үш өкілін қамаудан босатқанын мәлімдеді. Ауған билігі босатқандар – Анас Хаккани ("Хаккани" тобының жетекшісі Сиражуддин Хакканидің бауыры), Талибан қозғалысының белді мүшелері Хафиз Рашид Омари мен Қажы Милли Хан.

"Хаккани" тобы да Ауғанстанда бірнеше шабуыл ұйымдастырған. Бұл топ – Талибан қозғалысының бір бөлігі. АҚШ Хаккани» тобын 2012 жылы террорлық ұйым деп таныған.

Қажы Милли Хан 2011 жылы, Анас Хаккани мен Омари 2014 жылы Ауғанстанда қолға түскен. Хафиз Омари – Гуантанамо түрмесінде отырып шыққан Мұхаммед Наби Омаридің (қазір Катардың Доха қаласындағы Талибан кеңсесінің белді мүшесі) ағасы.