Сейсенбі, 19 қарашада АҚШ конгресі өкілдер палатасының барлау жөніндегі комитеттің ашық тыңдауында АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Еуропа істері жөніндегі директоры, Украина бойынша маман, подполковник Александр Виндман жауап берді. Ол 25 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде бөлмеде болған.
Трамптың оппоненттері АҚШ президенті Украина басшысынан саяси қарсыласы Хантер Байденнің ұлына қарсы тергеуді қайта қолға алуды өтінді деп санайды.
Президенттің айтқандарынан күдіктенген Виндман оны бас прокурорға баяндаған. Оның сөзінше, "АҚШ президенті шетел үкіметінен АҚШ азаматы мен саяси қарсыласының әрекетін тергеуді сұрай алмайды".
Виндманның айтуынша, Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко және Нью-Йорктің бұрынғы мэрі және Трамптың жеке адвокаты Руди Джулиани "АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан".
Сейсенбі күні подполковниктен бөлек, дипломат Дженифер Уильямс те жауап берді. Ол вице-президент Майк Пенстің көмекшесі болған және Трамптың Зеленскиймен әңгімесінің куәсі болған. Уильямс екі президенттің әңгімесі "ерекше" болғанын айтып, онда "АҚШ-тың ішкі мәселелері" айтылды деді.
Трамп Александр Виндман мен Дженифер Уильямсты Twitter желісінде сынады. Ақ үйде журналистер сұрақтарына жауап берген Трамп Виндманды мүлде танымайтынын айтты.
Сейсенбі күні конгресс тыңдауында тағы екі куәгер: АҚШ-тың Украина бойынша бұрынғы арнайы өкілі Курт Волкер және Ақ үй қызметкері Тим Моррисон жауап беруі тиіс болған.