21 қарашада таңертең Нұр-Сұлтанда бір топ адам бас прокуратураға келіп, "заңсыз сот шешіміне" шағымданды. Олардың әрқайсысы әртүрлі мәселемен келген. Солардың бірі Нұр-Сұлтан тұрғыны Совет Байсұлтанов несие алу үшін кепілге қойылған үйінің "заңсыз сатылып кеткенін" айтып, мүлігін қайтарып беруді талап етіп келгенін айтты.
Бас прокуратураға шағымданып келген адамдар арасында азаматтық белсенді Санавар Закирова да болды. Ол наразылардың бас прокуратура "заңсыздықты" шешпесе, "әділдікке қол жеткізу үшін" БҰҰ-на шағымдануға да даяр екенін айтты.
- Бірінікі - азаматтық іс, бірінікі - әкімішілік іс, бірінікі - қылмыстық іс. Бірі үй, көлік, баласының заңсыз сотталуына байланысты келіп отыр. Бәрі заңсыз сот шешімімен келіспейді. Қазақстанда заңның орындалуын қадағалайтын басты орын бұл прокуратура деп айтады. Бас прокурор әлі күнге дейін ешкімді қабылдаған жоқ. Бүгін бірінші рет қана қабылдап жатыр. Егер бас прокурор қайта қараудан бас тартса, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне амалмыз жазамыз, - деді Санавар Закирова.
Оның айтуынша, бас прокуратура оларды 8.30-нан бастап қабылдай бастаған. Қанша адам ішке кіріп кеткені белгісіз.
Азаттық тілшісі прокуратураның наразыларды ғимараттың екі жағынан қабылдап жатқанын көрді. Тілшілердің ішке кіруіне рұқсат берген жоқ.
Түскі сағат 12.30 шамасында қабылдауда болған адамдардың алғашқы легі шыға бастады. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қабылдауында болған Нұр-Сұлтан тұрғыны Азаттыққа "ол сот шешімінің қайта қаралуына қол ұшын беремін деді, енді күтеміз" деді. Алайда Санавар Закированың айтуынша, қабылдауға жазылған жүзге жуық адамның 16-ына ғана бас прокурормен кездесуге мүмкіндік берген. Ал қалған 80-нен астам адамды бас прорурордың орынбасары немесе өзге қызметкерлерге жазып қойған.
"Мені басқа адамға жазып қойғандықтан мен кіруден бас тарттым, бас прокурордың өзімен кездестіруді талап етемін" деді Санавар Закирова.
Қазақстанда тұрғындар "заңсыз сот шешіміне" жиі шағымданады. "Әділ сотқа қолы жетпеген" кейбір тұрғындар қарсылық ретінде өзін өртеген.
World Justice Project халықаралық ұйымының құқық үстемдігі бойынша әлемдік рейтингісінде Қазақстан 2019 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда бір орынға төмендеп, 65-орын алды. 2010 жылдан бері жылда жарияланып отыратын рейтингіні әзірлеген кезде мемлекеттегі құқықтық ортаны қамтамасыз ететін – билік институттары өкілеттіктерін шектеу, жемқорлықтың жоқтығы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтардың сақталуы, билік институттарының ашықтығы, заңдардың орындалуы, азаматтық сот, қылмыстық сот көрсеткіштері өлшемге алынады.