26 қарашада Душанбеде Тәжікстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Мухаммад Саидов баспасөз мәслихатын өткізіп, қарашаның басында тәжік шекарасына шабуыл жасағандар арасында балалар мен әйелдер болғанын айтты.
Саидовтың сөзінше, Душанбенің оңтүстік-батысынан 60 шақырым жерде орналасқан шекара бекетіне шабуылдағандар арасында «10 ер, 11 әйел және 4-15 жас арасындағы 13 бала болған».
Комитет басшысының дерегі биліктің 6 қарашадағы мәлімдемесіне қарама-қайшы. Шабуылдан кейін ресми Душанбе «шекараға Ауғанстаннан өткен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының 20 содыры шабуылдады» деп хабарлаған. Сол кезде билік шабуыл жасағандардың 15-і оққа ұшып, бесеуі ұсталғанын, Тәжікстан тарапынан бір милиционер мен бір шекарашы мерт болғанын мәлімдеген. Бірақ кейбір билік өкілдері Азаттықтың Тәжік қызметіне кем дегенде бес шекарашының қаза тапқанын айтқан.
Оқи отырыңыз: Шекара бекетіне шабуылдың салдары қандай болмақ?
8 қарашада «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы интернетте Тәжікстандағы шабуылды мойнына алып, «тәжікстандық 10 шекарашыны өлтіргендерін» мәлімдеген.