Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы әйелі Людмила Шкребнева басқаратын "Центр развития межличностных коммуникаций" қоры 2018 жылы 157 миллион рубль (шамамен 2,4 миллион доллар) табыс тапты. Бұл ұйым Мәскеу орталығында жылжымайтын мүліктерді жалға берумен айналысады.
2018 жылы қор шетелдік есепшоттан аударылған жеті миллион рубльді жұмсаған. Қордан жылжымайтын мүліктерді жалға алып, қайта жалға беретін "Меридиан" компаниясы 2018 жылы 262 миллион рубль табыс тапқан. Бұл компания Путиннің бұрынғы әйелінің "КарМани" компаниясындағы үлесіне ие.
"Собеседник" басылымының дерегінше, Людмила Шкребнева "Меридиан" құрамына кіретін "Интерьерсервис" компаниясын да басқарады. Ол 2018 жылы Кипрдегі Carmoney CY LTD офшорлық компаниясының жеті пайыз үлесіне ие болған. Carmoney CY LTD компаниясына ресейлік "КарМани" тиесілі.
Владимир Путин 30 жасында Людмила Шкребневаға үйленген, олардың екі қызы бар. 2013 жылы Путин ажырасқанын хабарлады. 2016 жылы "Собеседник" басылымы Людмила Шкребневаның кәсіпкер Артур Очеретныйға тұрмыс құрғанын жазды. Кремльде мемлекет басшысы мен оның әйелінің жеке өміріне қатысты түсініктеме бермеді.
2017 жылы "Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының" тілшілері Францияда Атлант мұхитының жағасындағы қымбат вилланың Очеретныйға тиесілі екенін анықтады. Оның бағасы шамамен алты миллион еуроны құрайды. Бизнес басылым сол кезде Очеретныйдың бизнесі қатты дамымағанын атап өткен. Кейіннен "Дождь" телеарнасы "журналистер мәселеге қатты назар аудара бастағандықтан" үйдің қаңырап қалғанын жазды.