27 қараша күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Теміржан Алданов жергілікті белсенді Әлібек Молдиннің ісі бойынша куәларды тыңдап, жәбірленуші тарап дәлел ретінде ұсынған видеоны көрді. Билікке наразылық акцияларына шығып, бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған белсендінің үстінен "Қорлау" бабымен үш қылмыстық іс қозғалғанын бұған дейін Азаттық хабарлаған.
Сотқа куә ретінде шақырылған үш әйелдің сөзінше, олар 2019 жылы 6 қыркүйекте әлеуметтік қиындықтарын айтып, Ақтөбе облысы әкімдігіне барған. Сол күні наразы топты Әлібек Молдин қалта телефонына түсіріп, Facebook парақшасынан тікелей эфир жүргізген.
"Мәселемізді шешемін деген соң бір топ әйел қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның соңынан ілестік. Соған ашуланған Молдин бізді тілдеді" деді куәлар сот алдында бір ауыздан.
Куә ретінде жауап берген Миуа Бекбосынова, Зиба Отарбекова мен Жанар Құлмамбетова да бұған дейін Әлібек Молдиннің үстінен сотқа шағым жазған. Бірақ олар өз шағымдарының қашан қаралатынын білмейді. Осыдан кейін Әлібек Молдиннің адвокаты Сейсембай Ділманов куәгерлерді "мүдделі тарап" деп, заңға сай олардың сотта куәлік ете алмайтынын айтты.
27 қараша күнгі сот процесіне үш жәбірленушінің бірі - Махаббат Сегізбаева келген жоқ. Өзге екі жәбірленуші Сәнімгүл Сүйінбаева мен Гүлмира Бимағанбетова өздерін фото мен видеоға түсіруге қарсы болды.
- Әлібек Молдин бұрын соңды көрген адамым емес еді. 6 қыркүйек күні ол көп балалы аналардың қасына келіп, "плакат ұстап көшеге шығыңдар, әкімдікке кірмеңдер" деп жүрді.Мен оған "аулақ жүріңіз, бізді түсірмеңіз" дедім. Аналарға сөзін өткізе алмағаннан кейін ол бізді "мал", "тобыр" деп тілдеді. Молдиннің осы сөздері жазылған тікелей эфир күні кешеге дейін парақшасында тұрған. Біз сотқа шағым түсіргеннен кейін өшіріп тастапты, - деді жәбірленушілердің бірі Сәнімгүл Сүйінбаева.
Тағы бір жәбірленуші Гүлмира Бимағанбетова сотқа видео айғақ ретінде дискі ұсынды. Гүлмира Бимағанбетованың айтуынша, дискідегі видеоны көп балалы аналардың бірі қалта телефонына түсіріп алған.
Сот залындағы монитордан көрсетілген видео Гүлмира Бимағанбетованың сөзінше, 6 қыркүйек күні облыс әкімдігі жанында түсірілген. Видеодан бір топ әйелдің Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиевамен сөйлесіп тұрғанын көруге болады. Кадр сыртындағы ер адамның «осылай мал болып өтесіңдер өмірден» деген дауысы естіледі. Бет-жүзі видеоға түсірілмеген ер адамның кім екені белгісіз. Жәбірленуші тарап "бұл - Молдиннің дауысы, ол бізді тілдеп тұр" деп санайды.
Сот отырысы кезінде жауап беруден бас тартқан Әлібек Молдин процестен соң Азаттық тілшісіне "Видеодағы мен емес. Бұл әйелдерді мүлдем танымаймын. Жала жауып жатыр" деді. Ол бұл қылмыстық істерді өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.
Адвокат Сейсембай Ділманов "мен жарыссөз кезінде сөйлеймін" деп Азаттыққа пікір білдірмеді. Әлібек Молдинді қолдау үшін сот мәжілісіне он шақты белсенді жиналды. Олар да "Молдиннің ісі - жергілікті белсенділерді қорқытудың бір амалы" деп санайды.
Келесі сот отырысы 3 желтоқсанда өтеді.
Оқи отырыңыз: Төрт әкімшілік қамау, үш қылмыстық іс. Әлібек Молдиннің соты
"Қытай экспансиясына" қарсы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалып, өткен апта соңында бостандыққа шыққан ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин әкімшілік қамаудан шыға салысымен бірден сот залына жеткізілген еді.