Қарағанды соты "Охотзоопром" инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі және оның әріптесі Петр Ницыкты өлтіруге әрекет жасау, заңсыз киік аулау ісі бойынша куәгерлерден жауап алды. Іс бойынша Қызылорда облысының 32 және 53 жас аралағындағы жеті тұрғыны айыпталған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты "Охотзоопром" мемлекеттік мекемесінің аға инспекторы Евгений Сивергенге бірнеше сауал қойды. Адвокат "әріптестері жараланып жатқан Ерлан Нұрғалиевті оқиға болған жерден неге жылдам әкете алмағанын" сұрады. Сивергин "ол уақытта аумақты шолып шығуға инспекторлар толық құраммен жіберілген жоқ, жеті адамның орнында бесеуі болды" деді. Айтуынша, Ницыктан басқаларында қару болған, Нұрғалиев карабин мылтығын ұстаған. Куәгер Сивергин инспекторлардың екі тобы байланысқа шыға алмай, көмек шақыру мәселесі қиындап, уақыт өтіп кеткенін айтады.
Тағы бір куәгер жылжымалы техникалық базаның жүргізушісі Владимир Крыженков көп қан жоғалтқан Ерлан Нұрғалиевті ауруханаға апару үшін көлігінің багындағы солярканың жетпейтінін, сол себепті Нұра ауданы Жанбөбек ауылына басқа машинамен алып барғанын жеткізді. Жанбөбекте оларды жедел жәрдем көлігі күтіп тұрған. Крыженков 15 күндік ауысымға берілген жанармайдың техникалық көліктерге жетпейтінін, кейде дизельді қалталарынан ақша шығарып алатынын да айтты.
Сотталушылардың адвокаттары инспекторлардан мүйізі кесілген қанша киік өлексесін көргенін, кейін айғақ ретінде саналған заттар мен құрылғылардың қалай алынғанын сұрады.
Қамауға алынған үш күдікті – Берік Ахметов, Нұрлан Шүкілдіков және Қайрат Ақшанов бұған дейінгі отырыста "адам өлтірді, адам өлтіруге оқталды және заңсыз киік атты" деген айыптармен келіспеген. Ақшанов өздерін ұстамақ болған инспекторға қол жұмсағанын ғана мойындаған.
Кепілмен бостандықта жүрген төрт күдікті - Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов (олар "заңсыз аңшылық құрды" деп айыпталған) сотта тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтқан. Бірақ олар шығын мөлшерімен келіспейді.
Айыпталушылардың адвокаттары соттан "Адам өлтіру" бабын "Абайсызда адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұраған. Олардың сөзінше, айыпталушылардың адам өлтіру ниеті болмаған. Сот отырысында айыпталушылардың бірі бірнеше жыл полицияда жұмыс істегені, енді бірінің бұрын сотталғаны белгілі болған.
2019 жылы қаңтарда Қарағанды облысында браконьерлер "Охотзоопром" мекемесінің қорықшылары 52 жастағы Ерлан Нұрғалиев пен 58 жастағы Петр Ницыкқа шабуылдаған. Нұрғалиевке оқ тиіп, қаза тапқан. Ал Ницык жарақаттанған. Емделіп шыққан соң Ницык қызметіне оралған.