"Алматыметроқұрылыс" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов ұсталды деп хабарлады жергілікті ақпарат агенттіктері. Tengrinews сайтының хабарлауынша, Реимовтің адвокаты Әлімжан Оралбай оны 27 қарашада таңертең ұстағанын, оның қазіргі мәртебесі күдікті екенін айтқан.
Адвокаттың айтуынша, тергеуші әзірге оған бұлтартпас жаза қолдану туралы өтініш түсірмеген.
27 қарашада кешке "Алматыметроқұрылыс" компаниясының жүзге жуық жұмысшысы "Сарыарқа" метро станциясында жиналып, Реимовтің ұсталуына қарсылық танытқан. Олар Реимовтің күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарғанын айтып, оның ұсталуы метроның екі станциясы құрылысының тоқтап қалуына әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеген. Ресми орындар әзірге ақпаратқа байланысты түсініктеме бермеді.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, көктем айларында Реимовтің үстінен "ақша жымқыру", "алаяқтық" фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. "Алматыметроқұрылыс" компаниясының қызметкерлері қазан айында да "Реимовтің ісіне" қоғамның назарын аудартуға тырысқан. 28 қазанда Алматыда баспасөз жиынын өткізген Қайрат Реимов қылмыстық істерді "тапсырыс" деп атаған.