Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша 234 үміткер "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері атанды. Бұл ақпаратты “Халықаралық бағдарламалар орталығы” хабарлады. Стипендиаттардың тізімін ұйымның ресми сайтынан көруге болады. Олар шетелдің жетекші оқу орындарында магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп, ғылыми және өндіріс орталықтарында тәжірибеден өтеді.
Бірнеше күн бұрын Informburo сайты білім және ғылым министрлігінің алдағы уақытта дайындық және тіл курстарынан бас тартуды жоспарлап отырғанын жазған. Бұған қоса, барлық квоталардың алынатыны жайлы хабарланды. Барлық үміткерлер жалпы байқауға қатыспақ. Сайттың жазуынша, жақында "Болашақ" бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алуы мүмкін үміткерлер тізімінен мемлекеттік қызметкерлерді алып тастауды қарастыратын үкімет қаулысы да жарық көрген.
Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 500 грант бөлінген.