Иран теңіз әскери күштері жыл аяғында Ресей және Қытаймен біріккен оқу-жаттығу жиынына қатысады. Бұл туралы 30 қарашада Иранның теңіз әскери күштерінің адмиралы Хоссейн Ханзади айтты. Оның сөзінше, оқу-жаттығу жиыны 22 желтоқсан-20 қаңтар аралығында Үнді мұхитының солтүстігінде өтеді.
Иран өкілі оқу-жаттығу жиыны нақты қай жерде өтетінін ашып айтпады. Ал ақпарат құралдарының хабарлауынша, әскери шара Оман шығанағында өтеді.
Иранның Mehr агенттігі Ханзадидің бұған дейін оқу-жаттығу жиынын “әлемге ескерту” деп атағанын жазды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 2 қазанда “үш елдің әскери жаттығуы – терроризм және пираттарға қарсы дайындық” деп мәлімдеді.
Әскери оқу-жаттығу жиыны үш ел мен Батыстың арасында жағдай ушығып тұрғанда өтпек.