Шымкент қалалық соты "айыппұл төлемегені үшін" 5 ай 8 күнге қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты Азаттыққа 6 желтоқсанда қалалық соттың судьясы Наурызбай Әуезов айтты.
Қазанның 16-сы күні Әл-Фараби аудандық соты Балтабайды 5 ай 8 күнге қамау туралы үкім шығарған. Шілде айында Балтабай Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, тамыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан еді. Қазанда сот үкімін оқыған судья президент рақымшылығынан соң Ерлан Балтабайдың түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлмен алмастырылғанын, бірақ Балтабайдың оны төлеуден бас тартқанын алға тартқан болатын.
Судья Әуезовтің Азаттық тілшісіне айтуынша, 27 қарашада апелляциялық шағым қарала бастаған кезде қорғау тарабы мемлекеттік адвокаттың қызметінен бас тартып, жеке адвокат жалдайтындықтарын айтқан. Бірақ қараша айының соңында және желтоқсанның басында да қорғау жағынан ешкім келмеген.
"Ешкім келмегеннен кейін біз мемлекеттік адвокат ретінде Бегалиевті тағайындадық. Ол іспен танысты. Қорғау жағы басқа адвокатты жалдағаны туралы, онымен жасалған келісім-шартты немесе ордерді бізге тапсырған жоқ. Сондықтан біз істі қарап, Әл-Фараби аудандық сотының 16 қазан күнгі қаулысында келтірілген материал бойынша шешім шығардық" деді судья Наурызбай Әуезов Азаттық тілшісіне.
Ал сотқа шақырылмағанын айтқан Балтабайдың туыстары сот шешімін кассацияға беретінін айтып отыр.
Қараша айының басында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы IndustriALL одағымен бірігіп, Ерлан Балтабайды босату бойынша ғаламдық кампаниясын бастаған. Олар азаматтарды Ерлан Балтабайға тағылған айыпты алып тастап, босатуды талап еткен хат үлгісіне қол қоюға шақырған.