5 желтоқсанда Германияға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, келіссөзде "өзара мүдделермен байланысты көп мәселелер" қарастырылған.
5 желтоқсанда Тоқаевты сонымен бірге Германия канцлері Ангела Маркель қабылдаған. Тоқаев кездесу қорытындысына арналған баспасөз жиынында Қазақстанның "неміс инвесторларына ерекше жағдай" ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Ақорда ақпарат құралдарына таратқан хабарламада кездесудің жай-жапсарына тоқталмаған.
Ақорда хабарламасына сәйкес, Германия - Тоқаев президент ретінде ресми сапармен барған Еуропа Одағындағы алғашқы мемлекет. Бұған дейін Тоқаевтың Германияға мемлекеттік сапармен баратыны хабарланған.
Тоқаевтың Германияға сапары қарсаңында құқық қорғаушылар президентке адам құқығы саласы бойынша берген уәделерін еске түсірді. Қараша айында халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген уәделері сөз жүзінде қалды" деп сынаған.
Тоқаев сапары қарсаңында немістің Deutsche Welle сайтында Тоқаев сұхбаты жарияланды. Онда Тоқаев Қазақстанда "демократия барын", Нұр-Сұлтанның "демократияны дамытуға күш салып келе жатқанын" айтқан.