Ресейдің ТНТ арнасы "Слуга народа" ("Халық қызметшісі") сериалының алғашқы эпизодынан президент Владимир Путин жайлы қалжыңды алып тастады. Бұл сериалда басты кейіпкерді биыл көктемде Украина президенті болып сайланған актер Владимир Зеленский сомдаған. Бұл ақпаратты британдық BBC телеарнасының Орыс қызметі хабарлады.
Сюжет желісі бойынша, Зеленский сомдаған кейіпкер - Украина президенті Голобородько қымбат сағат пен костюм сатып алу үшін дүкенге келеді. Оның көмекшісі оған "Владимир Путин швейцариялық Hublot (бұл сөзді "хубло" деп айтады) сағатын тағады" деп айтады. Ал Голобородько болса "Путин - хубло ма?" деп сұрайды. Көмекшісі "Иә" деп жауап береді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, Ресейдің Қиыр Шығысында сериалды толық көрсеткен, ал Еуропа жағында бұл бөлігін алып тастаған. BBC телеарнасының хабарлауынша, Мәскеуде көрсетілген нұсқасына монтаж жасалғаны білінген. Телеарна ТНТ арнасынан түсініктеме сұраған.
9 желтоқсанда Владимир Путин мен Владимир Зеленский Парижде алғаш рет кездескеннен кейін Ресей арналарынан "Слуга народа" сериалын көрсететіні жайлы хабар тараған. ТНТ арнасы жарнама роликте Голобородьконы президент Зеленскиймен салыстырған:
"Сериалда ол елдің экономикалық жағдайын түзейді. Ал шынайы өмірде ше? Сериалда ол жемқорлықты жеңеді. Ал шынайы өмірде ше? Сериалда ол Еуроодаққа қолын бір сілтейді. Ал шынайы өмірде ше? Қысқасы, Зеленский нұсқасын көріңіз".
- Владимир Путиннің сағаты туралы сериалға мәтін жазғандар оның Hublot сағат таққанын ешқашан көрмеген.