Ақтөбе облысының полиция департаменті 12 желтоқсанда кәмелетке толмаған баланы зорлады деп күдікке ілінген адамды іздестіріп жатқанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмаған балаға қатысты ауыр қылмыс жасаған күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды" делінген Ақтөбе облысы полиция департаментінің Instagram-да жариялаған хабарламасында.
Полиция департаменті 13 желтоқсанда оқиғаға байланысты брифинг өткізбек.
Бұған дейін WhatsApp желісінде Ақтөбе облысы Алматы аудандық полиция басқармасының ішкі құжатына ұқсас дерек жарияланып, Ақтөбеде бір ер адамның 2010 жылы туған 4-сынып оқушысын зорлағаны туралы ақпарат тараған еді. Құжаттың аяқ жағында полиция басқармасы бастығының аты-жөні көрсетілген.
Жұма күні "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смаилова Facebook-тегі парақшасында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа үндеу жариялап, "зорланған қыз" бен оның отбасы, қылмыс туралы барлық ақпараттың таралып кеткеніне шағымданды.
"Кішкентай қыз бен құрбыларының аты-жөндері, мекен-жайлары, ата-анасының жеке деректері, тіпті жұмыс орнына дейін барлығы жазылған. Мұндай ақпараттың таралуына тыйым салып, кінәлілерді жазалауыңызды сұраймыз" деген Дина Смаилова жазбада.
Қараша айының ортасында Таразда ер адам мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан 7-сынып оқушысын зорлаған. Бұл оқиғадан кейін қала әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алған. Мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан қуылған. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның бұрын сотталғанын хабарлаған.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің дерегіне сүйенген жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 2019 жылы жеті айда "Зорлау" бабы бойынша 938 қылмыстық іс қозғалып, сотқа тек 179-ы ғана жеткен. "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті" бойынша 291 іс қозғалып, сотқа 126 іс жеткен.