16 желтоқсанда Ақтөбеде 20-дан астам белсенді қаладағы ескі мешітке барып, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына құран бағыштады. Мешітте Жаңаөзен оқиғасы жайлы айтқан белсенділерге кезекші имам "дін саясаттан бөлек нәрсе, бұл жаққа келіп, саясатты айтуға болмайды" деп ескерту жасады. Ал белсенділер "біз тек оқиға құрбандарын еске алып, құран бағыштауға келдік" деп жауап берді.
Құран оқылғаннан кейін имам "патшаға қарсы шығуға болмайды, оған бағыну керектігі" жайлы уағыз айтты. Мешіттен шыққаннан кейін белсенділер сол маңдағы асханаға барып, жеті шелпек таратты. Шара кезінде белсенділер саяси жүйені сынап, "билік біздің үнімізді шығармай отыр, пікірін ашық айтқандарды қамап жазалады, сондықтан осы мәселелерді мешіттерде, асханаларда тығылып талқылауға мәжбүрміз" деді. Кейбір азаматтардың қолында "Ұмытпаймыз, кешірмейміз", Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың аты-жөндері жазылған плакаттар болды. Кейбір азаматтар бұл күнді мереке ретінде тойлауға қарсы екенін айтты.
- 86 жылы 16 желтоқсанда қаншама адамның қаны төгілді. Бұл күні қалайша тәуелсіздік күнін тойлаймыз? Бұл құрметсіздікті білдіреді. 2011 жылы тағы халықтың қаны төгілді. Қарапайым еңбек құқығын қорғағандар Жаңаөзенде оққа ұшты. Елде саяси өзгеріс болған күні мереке ретінде тойланбайды. Қазір алғашарттары да басталып жатыр. Уақыт - төреші. Бәрін орнына қояды. 16 желтоқсан қазақ үшін қаралы күн болып қала бермек, - дейді мамандығы мұғалім Ерболсын Көбеков.
16 желтоқсанда Алматы, Нұр-Сұлтан және өзге қалаларда да Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алды. Алматы қаласында "Республика" алаңындағы еске алу шарасында белсенділер саяси жүйені, жемқорлықты, әділетсіздікті айтты. Нұр-Сұлтанда 50-60 шақты адам еске алу шарасынан кейін Ақорда жаққа бет алды.
Азаттықтың эфирін көре отырыңыз:
Бұл күні Қазақстанның бірнеше аймағында белсенділердің ұсталғаны хабарланды.
Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.