15 желтоқсанда (Қазақстан уақыты бойынша 16 желтоқсан түнде) АҚШ-тың Нью-Йорк және Сан-Франциско қаласында бір топ қазақстандық Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алды.
Өздерін FreeKazakhs (Еркін қазақтар) ұйымы деп атайтын АҚШ-та тұратын бір топ қазақстандық Нью-Йорктегі қарсылық акциясында Конституцияны өзгертуді, билікте реформа жасауды, президенттік басқарудан бас тартып, парламенттік басқару жүйесін құруды, Кедендық одақ, Еуразия экономикалық одағынан шығуды талап етті. Жиналғандар Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына қарсы шықты. Олар қарсылық акциясы кезінде қолдарына кісі қолынан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың және Заманбек Нұрқаділовтің, Желтоқсан оқиғасында құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың фотоларын ұстап тұрды.
Сан-Францискодағы Union Square маңындағы шараға АҚШ-та тұрып жатқан он шақты қазақстандық қатысып, олар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына Қазақстан билігін айыптады. Жиналғандар биліктен саяси және демократиялық реформалар жасауды, Жаңаөзен оқиғасына лайықты баға беруді талап етті. Олар қолдарына АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық суретші Қанат Ибрагимовтің суреттеріне негізделген плакаттар ұстап түрды. Онда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның үлкен қызы Дариға Назарбаева және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген. Жиналғандар Қазақстанның шынайы тәуелсіздігін қалайтындарын, "диктатураға қарсы екендерін" айтты.
Наразылардың арасында ресейлік суретші Игорь Поночевный да болды. Ресей Қырымды аннексиялап алған соң АҚШ-қа кеткен суретші қолына Ресей президенті Владимир Путинге ұқсас адамның суретін ұстап тұрып, "барлығына кінәлі – осы. Ол болмаса – Назарбаев, постсоветтік аумақта диктаторлар, Лукашенко болмас еді. Себебі балама билік болмаса, диктаторлар болады және жұмысшыларға оқ атылады" деді.
Желтоқсанның 16-сы – Қазақстан Тәуелсіздік тәуелсіздігі күні. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған. Арада тура 20 жыл өткенде, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған.
1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Мәскеудегі билік Қазақ ССР-інің басшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметтен алып, орнына республикаға бейтаныс Геннадий Колбинді тағайындаған. Бұл шешімге наразылық білдіріп Алматыдағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік қатыгездікпен басып-жаншыған.
Қазақстанда жұрт биліктен 16 желтоқсанды қаралы күн деп жариялауды талап етеді. Бүгін де Алматы мен Нұр-Сұлтанда халық көшеге шығып, осы талаптарын жеткізді. Полиция талаппен келгендердің біразын ұстап әкетті.