16 желтоқсанда жоспарланған митинг алдында ұсталып, 10-15 күнге қамалған 15-тен астам белсендінің үшеуі 19 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы арнайы изолятордан шықты.
Қамаудан шыққан белсенді Гүлмира Халықова Азаттыққа өзін және Жұмамұрат Шәмшіні уақытша ұстау изоляторынан полиция басқармасына апарғанын хабарлады.
Белсендінің сөзінше, полицияда ешқандай сот болмаған, алайда полицейлердің бірі "әңгімелесіп", митингілер мен шеруге қатыспауды ескерткен. Ол ешбір қағазға қол қоймай, бейбіт шеруге шығуға конституциялық құқығы барын айтқан. Ал Жұмамұрат Шәмшіден комментарий алу мүмкін болмады.
10 тәулікке қамалған Ғалия Тамбаева да 19 желтоқсанда изолятордан шыққаны хабарланды.
Қамаудан босаған үш белсенді де Еуропа одағы өкілдігі алдындағы митингіге қатысқаны үшін сотталған.
Гүлмира Халықова қарашада Қазақстанда тыйым салынған, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын (ҚДТ) қолдады деп айыпталған (2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Әблязов ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған). Халықованың бас бостандығы бір жылға шектеліп, 100 сағат қоғамдық жұмысқа кесілген.
20 желтоқсан жұма күні "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен қамалған Фариза Беспаева, Ақмарал Керімбаева, Зүбайда Сейдахметова және Ахат Қапар қамаудан босауы тиіс.
Нұр-Сұлтанда 26-27 қарашада бір топ белсенді Еуропа одағы өкілдігі ғимаратының алдындағы бейбіт жиынға қатысып, Қазақстан билігінен адам құқығын сақтауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Осы шараға қатысқан ондаған белсенді қамалған. Екі күн қатарынан өткен митингіде белсенділер Шыңжаңдағы мұсылмандарға қатысты Пекин саясатына қарсылық білдірген.
Кейбір құқық қорғаушылар мен белсенділер "азаматтардың қарашадағы митингіден екі апта өткеннен кейін ұсталуын биліктің 16 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған наразылықтардың алдын алуы" деп санайды.
Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда Желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасынан кейін полиция ондаған адамды ұстаған. Ақтау, Шымкент, Оралда кейбір белсенділерді үйінен әкеткен.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 55 адам "заңсыз митингіге қатысты" деп ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп деп есептейді.
Your browser doesn’t support HTML5