Оралда сот «Пульс города» газетінің қызметкері Дана Дүйсекенованың блогер Айболат Бөкеновтің үстінен түсірген шағымын қарап жатыр. Дүйсекенова Бөкеновті «күш көрсетті» деп айыптаған. Блогердің үстінен Әкімшілік кодекстің «Қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Алғашқы отырысқа тілшілерді кіргізбеді.
- Іс бойынша алты-жеті куәгер сұралды. Солардың екеуі ғана Бөкенов әкімшілік құқық бұзғанын айтады. Олардың сөзінше, Бөкенов Дана Дүйсекеноваға күш қолданған. Бірақ олардың ешқайсысы Бөкеновтің телефонын қайтарғысы келгенін айтпай отыр, - дейді блогердің адвокаты Абзал Құспан.
Шағымданушы Дана Дүйсенова мен адвокаты Азаттық тілшісіне қандай да бір пікір беруден бас тартты. Сот отырысы алдағы аптада жалғасады.
Дүйсекенованың сөзінше, Айболат Бөкенов жол апаттары жайлы полиция ұйымдастырған брифингіде күш қолданған.
«Мені белгісіз ер адам камераға түсіре бастады. Мен брифингіден аудио жазып тұра бердім. Бөкенов жаныма келіп, сыртқа шығып, рұқсат қағазын көрсетпек болды. Мен шықпайтынымды айттым. Осы сәтте әлгі камера ұстаған белгісіз адам жақын келіп түсіре бастады. Мен бірден Бөкеновті ұстап, оған ойымды айтпақ едім. Бөкенов қолымды қысты. Қолым ауырып кетті, артынан көгеріп қалды» деп жазды Дүйсекенова Facebook парақшасында.
Блогер мен журналист арасындағы оқиға жайлы аймақтағы «Уральская неделя» басылымы да жазды. Басылымның хабарлауынша, Бөкеновке сөз бермеген соң ол трибунаға шықпақ болған. Ал Дүйсекенова «Бөкеновке сөз берілсе, мен де ойымды айтамын» деген.
«Кейін БҚО полиция департаменті жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Қозыбай Бозымбаев блогерден трибунадан түсуді талап еткен. Кейін Бөкенов трибунадан түсіп бара жатқанда Дүйсекенова Бөкеновтің досы ұстап тұрған смартфонды тартып алмақ болды. Жанжалдан кейін полиция блогерді залдан шығарып, журналисті қалдырды» деп жазады басылым.