Саудия соты "Хашогги өліміне айыпты" бес адамды өлім жазасына кесті

Жамал Хашогги

23 желтоқсанда Сауд Арабиясының прокуратурсы журналист Жамал Хашоггидің өліміне айыпты деп танылған бес адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлады.

Прокуратураның мәлімдеуінше, тағы үш адам түрме жазасына кесілген. Сот жабық өтіп, жауапқа тартылғандардың есімі жарияланбады.

АҚШ-та тұрған журналист Хашогги 2018 жылы қазанда Стамбулдағы Сауд Арабиясы елшілігінде өлтірілген.

АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) сарапшылары Хашоггиді өлтіруге тапсырманы тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман өзі ғана бере алады деген қорытындыға келген. Мұхаммед бин Салман Хашогги өліміне қатысы жоғын айтады.

АҚШ бұған дейін Сауд Арабиясының Хашоггиді өлтіру операциясына қатысты делінген 17 азаматына санкция салған.

БҰҰ Хашогги өлімінен кейін зерттеу жүргізіп, "журналист Сауд Арабиясының лауазымды тұлғалары ұйымдастарған аяусыз қастандық құрбаны болған" деп мәлімдеген.