26 желтоқсанда Қазақстан сенаты халықаралық "Астана" қаржы орталығы туралы конституциялық заңға түзету енгізуді мақұлдады. Бұл өзгеріс шетел инвесторлары мен олардың отбасына "көп реттік виза" беру мәселесін қарастырады.
Заң жобасына сәйкес, шетел инвесторы "Астана" қаржы орталығында арнайы тексеруден өткеннен кейін қаржы орталығындағы түрлі құралдар арқылы кемінде 60 мың доллар инвестиция салуы тиіс. Осылайша орталықтың "инвестициялық резиденті" атануы керек. Егер инвестордың резидент болу өтініші қанағаттандырылса, онда ол бес жылға виза ала алады. Қаржы орталығы құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.
Қазақстанда 90 күн болып, жылдық міндетті төлемді жасағаннан кейін инвестор Қазақстаннан тыс жердегі кіріс көзі бойынша жеке табыс салығынан да босатылады.
Қаржы министрі, вице-премьер Әлихан Смаиловтың айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты - инвесторлар мен олардың отбасына көп реттік виза ұсыну арқылы Қазақстанға инвестиция тарту.
Қараша айында британдық International Investment іскерлік басылымына сұхбат берген халықаралық "Астана" қаржы орталығының атқарушы директоры Тимур Онжанов "Орталық Азия нарығында жұмыс істегісі келетін Ресей мен Қытай және өзге көрші елдердің инвесторларынан қызықты ұсыныс күтетінін" мәлімдеген.
Бұған дейін Doing Business рейтингін құрастырушылар Қазақстанда бизнес ашу жеңілдегенмен қиындықтар кейіннен басталады, мысалы құрылыс нысандарын салуға рұқсат алған кезде немесе салық төлей бастағанда қиындыққа тап болады деп мәлімдеген. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан осы тұрғыда инвесторлардың жағдайын жақсартуға күш салу керек.
Енді түзетулерге президент қол қоюы тиіс.