Ресей президенті Владимир Путин 26 желтоқсанда мемлекеттік думаның қарауына хаттама енгізді. Бұл құжат Ресейдің Қырғызстандағы біртұтас әскери базасының құрамына ұшқышсыз аппараттар бөлімін қосып, әскери дрондарды Қырғызстанның әуе кеңістігінде ұшыру мүмкіндігін қарастырады. Құжат думаның электронды деректер қорында жарияланды. Хаттамаға 2019 жылы 28 наурызда Бішкекте қол қойылған.
"Келісім ұшқышсыз авиация жүйесі мен ұшу аппараттарымен байланысты терминдермен толықтырылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша Ресей мен Қырғызстанның заңнамасындағы сәйкессіздіктер жойылады, бұған қоса, Қырғызстанның әуе кеңістігінде Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру тәртібі белгіленеді" делінген құжат түсініктемесінде.
Думаға ұсынылған хаттамада сонымен бірге "Ресей тарабының жер аумағы мен акваторияны пайдаланғаны үшін жыл сайын Қырғызстанға төлейтін жалға алу құны да көрсетілген: 4 миллион 794 мың 095 доллар. Бұған дейін Ресей Қырғызстанға авиабазаны жалға алғаны үшін бұдан азырақ төлеген. Түсініктемеде жалға алатын аумақ көлемінің шамамен 58 гектарға ұлғайғаны да жазылған.
Қырғызстанда Ресейдің бірқатар әскери нысандары бар: Кант әскери базасы, Ыстықкөлдегі әскери-теңіз база, Майлуу-Суу қалашығындағы сейсмологиялық орталық және қазақ-қырғыз шекарасындағы Чалдовар коммуникация орталығы. 2012 жылы бұл нысандардың барлығы Ресейдің біртұтас әскери базасының құрамына біріктірілген.
Ресей Канттағы авиабазаны Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ - ОДКБ) жедел күшейту тобына әуеден қолдау көрсететін негізгі әуежай ретінде атайды. Аэродромда 500 ресейлік сарбаз келісім-шарт бойынша қызмет етеді. Базада Су-25 және Ми-8 тікұшақтары бар.