Бүгін, 6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының соты басталды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларынан екі жігітті қолдап келгендер залға сыймай қалған. Тағы бірнеше белсенді Зайсандағы сотқа жете алмаған.
- Семейден шығып, Зайсанға 130 шақырым қалғанда полиция тоқтатты. Алғашында құжат тексермек болған, кейін "көлік қамауда екен" деген себеп тапты. Түнгі сағат бірге қарай жіберді. Амалсыз кері Семейге қайттық, - деді жергілікті белсенді Роллан Машпиев.
Зайсандағы сот процесіне екі жігіттің адвокаты Ләззат Ахатова мен мемлекеттік айыптаушы Ержан Әзімбаев қатысып отыр. Істі судья Шынар Оспанова жүргізіп жатыр.
2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.
Желтоқсанның басында адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің "Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын" да айтқан.
Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.
Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.
Ұйым Қазақстан билігі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қамаудан тез арада босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, екеуіне құқықтық көмек көрсетіп, босқын мәртебесін беруі керек деп санайды.
Өткен жылы 6 желтоқсанда ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Дархан Ділманов "Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытайға шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" деген.
Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.