6 қаңтарда түс ауа Жаңаөзен қаласында тұрғындар әкімдікке жиналып, сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық білдірді. Олар Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзен қаласына келіп, халықпен кездесіп жағдайды реттеуді талап етті. Жиналғандардың арасында газ сатып отырған кәсіпкерлер де бар. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзен тұрғыны Серік Бақтыбайұлы айтты.
Оның сөзінше, жыл басталысымен Жаңаөзенде газ бағасы 53-55 теңгеден 65 теңгеге көтерілген.
Наразы топпен Жаңаөзен қаласы әкімі Марат Ибағаров, Маңғыстау облыстық энергетика басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Қартбаев пен "Қазақ газ өңдеу зауыты" мекемесінің директоры Нақберген Түлепов кездесті.
- Жаңаөзен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы қиын. Оған мына газ қымбатшылығы қосылып, қалтаға ауыр тиіп жатыр. Мамин мен Ноғаевтың Жаңаөзенге келіп, осы мәселені тікелей реттеуін сұраймыз, себебі мұны облыс әкімі шеше алмайды. Ортадағы делдалдарды тыйсын, - деді жиналғандар атынан сөз алған 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаcы кезінде тамағынан оқ тиіп жараланған мұнайшы Нұрлыбек Нұрғалиев.
Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімі Марат Ибағаровпен сөйлескен еді. Әкімнің сөзінше, "бұл - нарықтағы жағдай".
- Кәсіпкерлер газ бағасын көтеріп отыр. Газдың қымбаттауы – нарықтағы жағдай. Біз энергетика министрлігімен ақылдасып, бұл мәселені қарастырып жатырмыз, - деді ол.
Әкімдік алдында сөйлеген газ сататын кәсіпкердің бірі "егер оларға делдалсыз зауыттан газды 43 436 мың теңгеден берсе, газды 45 теңгеден сатуға болатынын" айтты.
Маңғыстау облысындағы газ бағасы жиі құбылады. Аймақта "Қазақ газ өңдеу зауыты" орналасқан. 2011 жылы Жаңаөзендегі полиция бейбіт мұнайшылар ереуіліне оқ атқан оқиғадан соң газ бағасы 35 теңгеге түскенімен, одан кейінгі жылдары 60 теңгеге дейін көтерілген. Ол кезде де халық наразылық білдіріп, баға біраз арзандаған. Бірақ аймақта газ бағасы уақытша арзандап, қайта қымбаттап кетеді.