8 қаңтарда түскі сағат 13:15 шамасында Алматы маңындағы Қаскелең қаласында бес қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде газ жарылып, бір бала көз жұмды, жеті адам зардап шекті. Бұл ақпаратты ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Жарылыс салдарынан бөлмелер арасындағы қабырға жартылай құлаған. Өрт болмаған. Сегіз адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, арасында төрт бала бар. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. 2009 жылғы бір бала оқиға орнында көз жұмды" делінген төтенше жағдай комитеті таратқан хабарламада.
Тұрғындар басқа жаққа көшірілген, жергілікті билік оларға уақытша баспана тауып берген. Газ жарылуының себебі анықталып жатыр.