Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталып, қамауда отырған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауға шақырды. Ұйым өкілдері Қытайдағы "қысымнан қашып" келіп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған екі азамат Қытайға қайтарылса, ол жақта қуғын-сүргінге ұшырап, азапталуы мүмкін деп қауіптенеді.
"Үкімет шекараны кесіп өтті делінген екі азаматқа тағылған айыпты алып тастап, бұл процесті тоқтатуы тиіс және олардың босқын мәртебесі туралы өтініші әлі қаралмағандықтан бұл екі азаматты Қытайға қайтармайтынына кепілдік беруі тиіс. Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық құқықтық міндеттемелерді мойнына алып, босқындардың құқықтарын құрметтейтінін және азаптауға ұшырауы мүмкін елге адамдарды қайтармайтын мемлекет екенін көрсете алады" деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі Лора Мильс.
6 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсанда Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының соты басталған. Ұйым өкілдері 9 қаңтарда жариялаған мақалада Қазақстанның түкпір-түкпірінен екі азаматты қолдау үшін ондаған адам келсе де, сот тыңдауының екі сағаттан кейін бітіп қалғанына, 21-іне шегерілгеніне назар аударады.
Құқық қорғау ұйымы 6 қаңтардағы сот отырысы кезінде адвокат Ләззат Ахатоваға клиентерімен ақылдасуына мүмкіндік берілмегенін, жиналғандардың сот тәуелсіздігіне күмән келтіргенін айтады.
Ұйым өкілдері босқын мәртебесі туралы өтініш қаралмай жатып "олар Қытайға қайтарылады" деп мәлімдеп, қоғамда дау тудырған ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Дархан Ділмановтың сөзін еске салады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстан өзі мақұлдаған Азаптауға қарсы конвенция шарттарын бұзып, бұған дейін де "азаптау қаупі бар" мемлекеттерге босқын мәртебесін сұрап келгендерді тапсырған. HRW Қазақстан билігін мұны қайталамауға шақырып, соның "алдын алу үшін" құқықтық ережелерді тиімді жүзеге асыруға үндеді.
Қазақстанның 1951 жылы қабылданған "Босқындар туралы" конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салған құқық қорғаушылар "Қазақстан халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындап, бұл азаматтарды қорғауы қажет" дейді.
Қарай отырыңыз: Зайсанда "Қытайдан қашқан" екі қазақтың соты басталды (6 қаңтар 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.
Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.
Бұған дейін Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі жігітті Қытайға қайтармауға шақырған.