9 қаңтарда Бішкекте FactCheck.kg сайтының бас редакторы Болот Темировке белгісіз біреулер шабуыл жасап, журналисті ұрып-соғып, телефонын тартып алған. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Дәрігерлер оқиға орнында Темировке алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осыдан кейін журналист арыз жазу үшін милиция қызметкерлерімен бірге бөлімшеге барған.
Шабуыл болған күні Темировтің әріптестері де кеңсе маңында шымыр денелі бірнеше ер адамның жүргенін байқаған. Олар FactCheck сайтының кеңсесін сұрастырған.
Өткен аптада FactCheck сайты мен оның материалдарын жариялаған бірқатар жаңалық сайттар хакерлік шабуылға ұшыраған. FactCheck сайты лауазымды тұлғалардың ықтимал жемқорлық әрекеті туралы зерттеу жүргізеді. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйеніп, зерттеу жасайтын Темиров сайты мен Bellingcat тобы жақында Қырғызстанның мемлекеттік кеден қызметінің төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов пен оның туыстарының байлығын қалай жиғанын зерттеген.
Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP мен Kloop басылымы Матраимовтың әйелі Қытайда туып-өскен кәсіпкер, Қазақстан азаматының төлқұжатына ие Хабибула Әбдіқадырдың отбасымен бірге Дубайдағы девелоперлік жобаға инвестиция салғаны туралы хабарлаған еді.
Оқи отырыңыз: Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді
Матраимов заң бұзғаны туралы айыптауларды терістеп, Дубайдағы жобаға байланысты комментарий беруден бас тартқан. Матраимов пен оның отбасы Азаттықтың Қырғыз қызметі мен Kloop басылымын сотқа берген.