14 қаңтарда Алматыда Қытайдың Қазақстандағы бас консулдығы алдында Фарида Қабылбек есімді әйел пикет өткізіп, күйеуі Қазақстан азаматы Рақыжан Зейноллаұлының 16 жылдан бері Қытайдан қайта алмай жүргенін айтып, көмек сұрады.
Қабылбектің айтуынша, Қытайда туған Рақыжан Зейноллаұлы 2004 жылы Қытайдың Боро-Толо Моңғол автономиялы аймағына қыдырып барған жерінде ұсталып, «тыңшылық жасады» деген айыппен 13 жылға сотталған. Күйеуі Қазақстан азаматтығын сол жылы алған, бірақ төлқұжатты қолына алып үлгермеген. Оның құжатын Зейноллаұлы Қытайға кеткеннен кейін Қазақстандағы жақындары алған.
Әйелінің сөзінше, Рақыжан Зейноллаұлы 2017 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін 1,5 жылға қайтадан саяси лагерьге қамалған. Қазір үйқамақта отыр.
16 жылдан бері Қазақстанның құзырлы органдарына үздіксіз шағымданып келе жатқанын айтқан Фарида «Қытай билігі күйеуімді 13 жылға жазықсыз соттағанымен қоймай, енді әйелі мен баласына да жібермей отыр. Қытайдың Қазақстандағы бас консулы осы мәселені шешіп берсін» дейді.
Қытай консулдығынан ешкім шықпады. Ондағылар күзет бөлімі арқылы «Арыз жазып қалдырсын» деп жауап берді.
Консулдық ғимараты алдына келген Алматы қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Рита Ерманова «рұқсат етілмеген пикеттің заңсыз екенін, оны тоқтатпаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын» айтты.
Былтыр қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңда қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде "бірде-бір этникалық қазақ жоқ" деп мәлімдеген. Бірақ туыстарының Шыңжаңда қамауда жатқанын айтқан кейбір тұрғындар биліктің бұл сөзіне күмән келтіріп, туыстарын қайтаруға көмектесуді сұраған.
Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да түркітілді этникалық топтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды терістейді.
2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Қазан айының басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.
Азаттық 2017 жылдан бері Қытайда саяси лагерьде қамауда болған және сонда қамауда отырғандардың туыстары туралы жазып келеді.
Қарай отырыңыз: Қарақат Әбдеш Қытайда қамауда отырған күйеуінің жағдайына алаңдайды (25 қараша 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5