Видео: Иранда Украина ұшағын екі зымыран атқан

Тегеранда зымыранмен атып түсірілген Украина ұшағының қалдығы. 8 қаңтар 2020 жыл.

8 қаңтарда Тегеран әуежайы маңында "Халықаралық Украина әуе желісінің" ұшағын екі зымыран атып түсірген. 14 қаңтарда әлеуметтік желіде тараған видеодан соны көруге болады. Видеоның фейк еместігін New York Times басылымы анықтады.

Жазбада екі зымыранның 30 секундтық үзіліспен бірінен соң бірі ұшаққа тигені көрінеді. Ұшақ әуеде өртеніп, бірнеше минуттан кейін жерге құлаған. Борттағы барлық 176 жолаушы қаза болды.

Видео Ислам революциясы сақшылар корпусы базасынан бірнеше шақырым жерде орналасқан елдімекендегі үйлердің бірінің төбесінен түсірілген. Иран билігі өткен аптада ұшақты зымыранмен атқанын мойындады. Тегеран АҚШ-тан қарымта шабуыл күтіп отырған кезде жолаушылар ұшағын Американың қанатты зымыраны екен деп қателесіп атып түсірген. Ресейлік "Тор" зениттік-зымыран кешенінен ракета ұшырылған.

Оқи отырыңыз: Иран украиналық ұшақты әскерилердің "қателесіп" атып түсіргенін мойындады

Билік өкілдерінің сөзіне сілтеме жасаған Иранның FARS агенттігі сейсенбі, 14 қаңтарда зымыранның ұшақты атып түсіргенін жариялаған бірінші видео авторының қамалғанын хабарлады. Бұл видео Иран апатты мойнына алғанға дейін интернетте жарияланған. Бұл видеоны Ирандағы дереккөзден алып, бірінші болып таратқан белсенді Нариман Гариб Иран билігі басқа адамды қамағанын жазды.