АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге "абайлап сөйлеуді" ескертті. 17 қаңтарда Тегеранда жұма намазында жұрт алдында уағыз айтқан аятолла АҚШ басшысын "клоун" деп атаған.
"Иранның "рухани көсемі" деп аталатын адам АҚШ пен Еуропаны тілдеді. Олардың экономикасы құлдырап барады, жұрт жақындарынан айрылды. Ол өте абайлап сөйлеуі керек" деді Трамп.
"Американы жақсы көретін Иранның ізгі ниетті азаматтарының - құрметті талап еткені үшін жазалайтын емес - арманын жүзеге асыруға көмектескісі келетін үкіметі болуы тиіс. Оның басшылары Иранды тығырыққа апармай, террордан бас тартып, мемлекетті қайтадан ұлы жасауы тиіс" деді Трамп.
17 қаңтарда Тегеранда Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи жұма намазында жұрт алдында сөйлеп, халықты татулық пен бірлікке шақырған. Аятолла бұл уағызын елде наразылық күшейіп тұрған тұста оқыды. Мосалла мешітіндегі жұма намазында ол "Батыс елдері ирандықтарды тізерлете алмайды" деген.
Оқи отырыңыз: Аятолла жұма намазында ирандықтарды татулыққа шақырды