Жүзуден Рио олимпиадасының чемпионы қазақстандық Дмитрий Баландин FINA Champions Swim Series жарысының Пекинде өткен екінші кезеңінде 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында қола медаль алды. Ол бұл қашықтықты бір минутта жүзіп өтті.
Пекиндегі жарыстың алтынын былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері қытайлық Зибей Ян (58,83 секунд), күмісті былтыр Еуропа чемпионы атанған Нидерланд спортшысы Арно Камминга (58,95) иеленді.
FINA Champions Swim Series - әлем чемпионатында, олимпиада ойындарында, құрлық чемпионатында жүлде алған спортшылар ғана қатысатын жарыс. Әр қашықтықта тек төрт-бес спортшы жүлдеге таласады.
Баландин өткен аптада Шэньчжэнде (Қытай) болған FINA Champions Swim Series турнирінің алғашқы кезеңінде 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында да екі қола медаль алған.
Дмитрий Баландин 2016 жылы Рио олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуде чемпион атанған. Ол 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзуде үш алтын иеленген. Баландин биыл өтетін Токио олимпиадасына да жолдама алды.