Әбілқайыр Ысқақов президент жарлығымен Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды деп хабарлады Ақорда сайты 21 қаңтарда. Бұған дейін Павлодар облысын басқарған Болат Бақауов президент жарлығымен қызметінен босаған.
Әбілқайыр Ысқақов 2019 жылдың сәуір айынан бері қаржы министрлігінде қаржылық бақылау комитетінің төрағасы болған. Оның алдында Нұр-Сұлтанда мемлекеттік кірістер департаментін басқарған. 2012-2014 жылдар аралығында қаржы министрлігінде салық комитеті төрағасының орынбасары болған. 1974 жылы Павлодар облысында туған. Экономика, қаржы саласында білім алған.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов 17 қаңтарда “жемқорлық күдігімен” екі айға қамауға алынды. Оған билік өкілетін асыра пайдалану бабы бойынша айып тағылған. Оған бұлтартпас шарасын қолдану туралы өткен сотта Бақауовтың қызметін асыра пайдаланып, туысқанының компаниясының заң бұзғанын жасыру үшін салық органдарына қысым жасағаны айтылды. Бақауов бұл айыпты жоққа шығарған. Оның ұсталғаны туралы ақпарат 15 қаңтарда желіде пайда болған.
Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі болып 2016 жылы наурызда тағайындалған. 2019 жылы шілдеде оның қызмет уақыты ұзартылған.