Консулдық алдында тұрғын Қытайдан Қазақстанның үш азаматын қайтаруды талап етті

Жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Серік Әжібай. Алматы, 22 қаңтар 2020 жыл.

22 қаңтарда түсте және түстен кейін Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз адамдық екі пикет өтті. Олардың талаптары ұқсас болғанмен екі пикет әр уақытта өтті.

Түс кезінде қала тұрғыны Серік Әжібай Қытайдан Қазақстанның үш азаматы: Зейнолла Рақыжан, Гүлбаһар Жәлелова және Асқар Азатбекті қайтаруды талап етті.

Әжібайдың айтуынша, бұл үш азаматтың үшеуі де Қазақстан азаматтары - көк түсті төлқұжаттары бар. Екеуі (Рақыжан мен Азатбек) "тыңшылық" бойынша Қытайда айыпталған. Ол ақпаратты бұл адамдардың туыстары мен интернеттен алғанын айтты. Оның қолында үш азаматтың құжаттарының көшірмесі болды.

- Мен жалпы Қытайдың концлагерінде қиналып жатқан Қазақстан азаматтарын дереу босатуды талап етемін. Олар - толыққанды Қазақстан азаматтары. Міне, құжаттары. Қазақстанда туған Гүлбахар Жәлелова Қытайға жеке кәсіппен сауда істеп барған кезде тұтқынға алынып, сол жерде оған жала жапқан. Қытайдың төлқұжатын жасап берген. 1,5 жыл сол жерде ең ауыр түрмеде отырған. Менің қойып отырған талабым - Қытайдың сыртқы істер министрлігі ресми түрде Гүлбахар Жәлеловадан, жалпы Қазақстан халқынан кешірім сұрауы тиіс. Зейнолла Рақыжан да, Асқар Азатбек те Қазақстанның толыққанды азаматтары. Оларды шартты түрде босатуды талап етемін. Бұл біздің егемендікті елемеу, тәуелсіздігімізді аяққа таптау деп білемін, - дейді Серік Әжібай.

Серік Әжібай айтып отырған Зейнолла Рақыжан туралы Азаттық бұған дейін де жазған. Оның әйелі Фарида Қабылбек бұған дейін Азаттыққа Қытайда туған Рақыжан Зейноллаұлы 2004 жылы Қытайдың Боро-Толо Моңғол автономиялы аймағына қыдырып барған жерінде ұсталып, "тыңшылық жасады" деген айыппен 13 жылға сотталғанын айтқан. 2017 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін 1,5 жылға қайтадан саяси лагерьге қамалған. Қазір үйқамақта отыр.

Бұған дейін Асқар Азатбектің туысы Азаттық тілшісіне Азатбектің Қытайда 17 жылға сотталғанын, бірақ нақты қайда "жазасын өтеп жатқанын" білмейтінін айтқан. Ал Гүлбаһар Жәлелованың қайда екені белгісіз.

30 жастағы Серік Әжібай бұған дейін де бірнеше рет Асқар Азатбекті босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шыққан.

Видео: Туыстары Қытайда қалғандар пикетке шықты (17 қаңтар 2020 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Туыстары Қытайда қалғандар пикетке шықты

Ол бірнеше рет пикетке шықса да, консулдықтан ешкім жауап бермегенін айтты. Сәрсенбі күні де консулдықтан ешкім шықпады.

Сәрсенбі күні түстен кейін консулдық алдында үшінші пикетті Байболат Күнболатұлы есімді азамат өткізді. Ол Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесінде тұратын інісі Баймұрат Наурызбекұлынан 1,5 жылдан бері хабар үзілгенін айтып, консулдықтан інісі туралы хабар беруді талап етті. Күнболатұлының қолында “Қытай геноцидті тоқтатсын!” деген жазуы бар плакат болды. Плакатта інісінің суреті де болды. Ол консулдық қақпасындағы қоңырауды басуға тырысқанмен іштен шыққан сақшылар оны итеріп, қоңырауды бастыртпады.

Байболат Күнболатұлы Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында плакатпен тұр. 22 қаңтар 2020 жыл.

- Қазақстанның азаматтығын “жартылай алған” (ықтиярхаты бар) інімді Қытай саяси лагерьде ұстап отыр. Жақында туыстарымнан оны он жылға қамап тастағанын естідім. Бірақ оған қандай айып таққанын білмейміз. Оның анасы телефонға жауап бермейді. Қытай консулдығынан біреу шығып, інімнің аман екендігіне көзімді жеткізсін, - дейді ол.

Байболат Күнболатұлының айтуынша, оның інісі кезінде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде - дайындық курсынан, Алматы технологиялық университетінде - тәжірибеден өткен. Ол Қытайдың Құлжа ауданында тұрады.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің айтуынша, елшіліктен бір адам шығып, елшілікке құжаттарын өткізіп тұрған адамдарға "плакат ұстап тұрған адам кетпейінше құжат қабылдау тоқтайды" деп айтқан. Бірақ ол Күнболатұлынан не үшін пикет өткізіп тұрғанын сұрамады. Консулдық сақшылары Азаттық тілшілерінің сұрақтарына жауап бермеді, ғимаратқа жолатпауға тырысты.

22 қаңтарда түске дейін мұнда Марат Құрбанов есімді тұрғын жалғыз адамдық пикет өткізіп, Шыңжаңдағы туыстарының хабарсыз кеткенін айтып, шағымданған. Ол кезде де консулдықтан бірнеше сақшы шығып, Құрбанов пен Азаттықтың түсірілім тобын консулдық маңынан тықсыруға тырысқан.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Олардың кейбірі осыған ұқсас жалғыз адамдық пикет өткізген.

Қазан айының басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

Оқи отырыңыз: "16 жылдан бері Қытайдан шыға алмай отыр". Қазақстан азаматының сергелдеңі