24 қаңтарда Алматыдағы Car city сауда орталығына отызға тарта әйел жиналды. Олардың айтуынша, осы аптада WhatsApp-тағы ортақ чатқа белгісіз нөмірден "жұма күні осы жерде мұқтаж отбасыларға арналған қайырымдылық шарасы болады, тегін киім таратылады" деген хабарлама түскен. Бүгін таңертең орталыққа келген кезде бір-ақ "алданып қалғанын" түсінген. Әйелдер орталық ішінде "жалған ақпарат" таратқан адамды табуды талап етті.
- Бұл қорлау ғой. Ешкім мұнда жетіскеннен келіп тұрған жоқ. Мен атаулы әлеуметтік көмекке де іліне алмадым. АӘК-іге ілінсем, мұнда сандалып келмес едім. Кінәліні тауып, жазалауын талап етеміз, - деді әйелдердің бірі.
Сәлден соң оқиға орнына Car city сауда орталығының өкілі Гүлнар Байболова келді. Ол бірнеше күннен бері осы орталыққа байланысты "жалған ақпарат тарап жатқанын, полицияға арыз түсіргенін" айтты.
- Біз көлік бөлшектерін сатамыз. Бізде ешқандай да киім таратылмайды. "Жалған видеоны" да көрдік. Ол видео бізде түсірілмеген. Біз полицияға ескерттік. Олардың тергеуді бастап кеткені туралы ақпарат алдық, - деді Гүлнәр Байболова.
Ал орталықта жүрген полиция қызметкерлері Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты. Әйелдердің бірі хабарламаны Жетісу аудандық "Бақытты отбасы" орталығынан алғанын айтты. Ал орталық өкілдері "мұның жалған ақпарат екенін білмегенін, жіберген адамға оны ескерткенін" айтты.
Бұдан соң наразы әйелдер әкімдік өкілдерінің келуін талап етті. Түскі сағат 14:00 шамасында әйелдер орталықта әкімдік өкілдерін әлі күтіп тұрғанын айтты.
Әуезов аудандық әкімдігі қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ербол Айымбетов "тергеу тобы айналысып жатыр, полиция ақпаратты таратқан адамды іздеп жатыр, әзірге тапқан жоқ" деді. Олардың әйелдермен кездескені-кездеспегені белгісіз.
Алматыда бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, 2019 жылы қыркүйек айының ортасында WhatsApp-та "көп балалы аналарға ақша таратылатыны" туралы хабарлама тарап, көрсетілген орынға барған аналар ашуланып тарасқан. Құқық қорғау органдары оқиғаны тергеп жатқанын хабарлаған.