Қытайда коронавирусты жұқтарғандар мен одан көз жұмғандар саны күрт ұлғайды. Вирус Австралия мен Францияға жетті.
25 қаңтарда Қытай вирустан 41 адам көз жұмды, 29 провинцияда кемінде 1 287 адам вирусты жұқтырған деп хабарлады. 237 науқастың жағдайы ауыр деп айтылады. Хубэй провинциясында - 39 адам, Хэбэй провинциясында - бір адам, Хэйлунцзянда - бір адам көз жұмған. Қытайдан тыс жерде вирусты жұқтырғандар арасында адам өлімі болған жоқ.
Франция үш адамнан вирус табылғанын хабарлады. Бұл Еуропада тіркелген алғашқы жағдай. Ресми тұлғалар екі науқастың Париж ауруханасына жатқызылғанын хабарлады. Біреуі елдің оңтүстік-батысындағы Бордо қаласында емделіп жатыр.
АҚШ-та екі жағдай тіркелген: бірі - елдің солтүстік-батысындағы Сиэтл қаласында, екіншісі - Чикаго қаласында. Екі адам да Қытайға саяхаттап, жақында оралған.
Австралияның денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, 25 қаңтарда Виктория штатында 50 жастан асқан Қытай азаматынан вирус табылған. Штаттың денсаулық сақтау министрі Дженни Микакостың айтуынша, науқас 19 қаңтарда Қытайдың Гуанчжоу қаласынан ұшып келген.
"Алаңдауға негіз жоқ. Пациент оңаша жерде емделіп жатыр және бұдан басқа жағдай тіркелмеді" деді ол.