27 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы аудандық соты «діни алауыздықты қоздырды» және «тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жұмысына араласты» деп айыпталған Қарлығаш Адасбекова мен Дария Нышанованың бас бостандығын бес жылға шектеді.
Судья Ернар Қасымбеков сот кезінде 45 жастағы Адасбекова мен 29 жастағы Нышанованың айыбы толық дәлелденгенін, олардың ісі ауыр қылмыс санатына жататынын айтты.
Судья Қылмыстық кодекстің 174-бабында (Діни араздықты қоздыру) 5-10 жылға дейінгі жаза қарастырылғанын, бірақ Адасбекованың бір бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйел екенін, Нышанованың қарт жақындары барын ескеріп, бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын бергенін жеткізді. Судья Қасымбековтің сөзінше, екеуі де қазір «Хизб ут-Тахрир» жұмысын насихаттауды қойған.
Сотталушылар апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Үкім оқылған отырысқа айыпталушылардың адвокаты мен прокурор келген жоқ.
Судья сот кезінде отырыстан видео түсірмек болған құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны залдан шығарып жіберді.
24 қаңтарда жарыссөзде прокурор Олжас Жарқымбек соттан екі айыпталушыны алты жылға түрмеге қамауды сұраған. Ал адвокаттар қылмыстық құрамның жоқтығынан екі айыпталушыны ақтауды сұраған. Адасбекова мен Нышанова да соттан өздерін ақтауды өтінген.
Бұл іс бойынша сот 2019 жылы қыркүйектің соңында басталған еді.
Айыптау актісіне сай, Адасбекова мен Нышанова WhatsApp чатта елде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысты материалдар таратып, «діни алауыздықты қоздырған».
Адасбекова мен Нышанова WhatsApp арқылы материал таратқандарын жоққа шығармайды, бірақ олар бұл әрекеттерін «араздық қоздыру» деп санамайды. Айыпталушылар елде сөз бостандығы бар деп санағандықтан материалдармен бөліскендерін айтады.
Екеуі «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысымыз жоқ дейді.
ҰҚК сайтында «Хизб ут-Тахрир» ұйымы «діни экстремистік ұйым» деп аталған. «Хизб ут-Тахрирдің» мақсаты – «бүкіләлемдік халифат» құру. Ұйым Еуропаның бірқатар елінде заңды негізде жұмыс істейді.