Қытайдың Ухань қаласында оқитын Қазақстанның 98 студентін алып келу жөнінде арнайы комиссия құрылды, қазір арнайы ұшақтың қай бағытпен баратыны, студенттерді Қытайдың қай жерінен алып кететіні жайлы Қытай билігімен келісіліп жатыр. Бұл ақпаратты бүгін Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз жиынын өткізген Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев таратты.
Шахрат Нұрышевтің сөзінше, "Ухань қаласында оқитын Қазақстанның 98 студентімен Қазақстанның Қытайдағы елшілігі ұдайы сөйлесіп отыр".
- Студенттерді өз оқу орындары барлық заттармен қамтамасыз еткен. Медициналық құралдары, бетперделері, азық-түліктері жеткілікті. Кеше үкіметте студенттерді қайтару жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылды. Студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтауға кірістік,- деді ол.
Осыған дейін бір топ ата-ана Қытайдың Ухань қаласынан шыға алмай отырған студент балаларын қайтаруды сұрап, Қазақстан билігіне өтініш жасаған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытай әзірге Уханьнан азаматтарын алып кету туралы бірде-бір елдің сұрауына жауап бермегенін" айтқан болатын.
Жұқпалы аурудың таралу мүмкіндігі өсіп бара жатқанын хабарлаған Қытай билігі Ухань қаласына кіріп-шығуға қатаң тыйым салған еді. Қытай билігінің мәліметіне қарағанда, коронавируспен ауырған алғашқы адам Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы Ухань қаласындағы теңіз тағамдары базарын аралағандардың бірі. Уханьда 11 миллионнан астам адам тұрады.
Соңғы деректер бойынша, Қытайда коронавирус жұқпалы ауруынан өлгендер саны 106 адамға жеткен, төрт мыңнан астам адам жұқтырған.