АҚШ мемлекеттік департаменті Ұлттық қоғамдық радио (NPR) репортері Мишель Килименді мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның Еуропа мен Орталық Азияға сапарына ере баратын журналистер тізімінен шығарып тастады. Бұл туралы 27 қаңтарда мемлекеттік департамент тілшілерінің ассоциациясы хабарлады.
"Бірнеше күн бұрын Помпео NPR тілшілерінің бірі Мэри Луиз Келлидің Украина туралы сұрағына қатты шамданып, сынап тастаған еді. NPR репортері Мишель Килименнің тізімнен шығып қалуы соған жауап ретінде қарастырылуы мүмкін" дейді тілшілер ассоциациясы.
Ассоциация басшысы Шон Тендон "тілшімізді тізімнен шығарғаны дұрыс емес, мемлекеттік департаменттің баспасөз-пулы мемлекеттік хатшының сапарына ілесіп жүруі - қалыптасқан дәстүр" деп санайды.
Мемлекеттік департамент NPR репортерінің тізімнен не себептен шығарылғанын түсіндірген жоқ.
Келли мемлекеттік департамент басшысынан қаңтардың 24-іне сұқбат алған. Ол АҚШ-тың Киевтегі дипломатиялық миссиясының басшысы Мари Йованович жайлы сұрақ қойғанда Помпео ызаланып, сұқбатты тоқтатып тастағанын айтқан. 2019 жылы Мари Йовановичті АҚШ президенті Дональд Трамп күтпеген жерден кері шақырып алған болатын.