Трамптың Таяу Шығыс жоспарына әлем елдері түрлі реакция білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

АҚШ президенті Дональд Трамптың 28 қаңтарда Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу бойынша таныстырған жоспарын Еуропа мен БҰҰ салқын қарсы алды және кейбір мұсылман елдері қолдамады. Оған сәйкес, тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылып, астанасы Шығыс Иерусалим болады. Бұған қоса, бірқатар шаралар атқарылады. Көбі мұны жүзеге асыру қиын болады деп санайды.

Палестина автономиясының президенті Махмуд Аббас бейбіт жоспарды сынап, "халқымыз оны тарихтың қоқыс жәшігіне лақтырады" деді.

Еуропа Одағының сыртқы істер жөніндегі өкілі Джозеф Боррель жаңалықты салқын қарсы алып, Еуропа Одағы Трамптың ұсынысын "зерттеп бағалайды" деді.

Мәскеу бұл келісімді "тараптардың реакциясын ескеріп, деталіне дейін талдау керек" деді. Мәскеудің бұған байланысты пікірін федерация кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы Константин Косачев жеткізді.

28 қаңтарда Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың қатысуымен өткен баспасөз жиыны кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп бұл бейбіт жоспар палестиналықтар үшін "соңғы мүмкіндік болуы мүмкін" деді. Трамп Иерусалимді Израильдің "ажырамас" астанасы етуге уәде берді. Оның ойынша, Шығыс Иерусалим Палестинаның астанасы болуы тиіс. Ол сонымен бірге екі мемлекет құру қажеттігін айтып, бірде бір израильдық немесе палестиналық үйінен жырақ кетпейді деді.

Израиль, АҚШ және Еуропа Одағында террористік ұйым деп танылған ХАМАС радикалдық тобының басшылары Трамп пен Нетаньяхудың мәлімдемесінен кейін Трамптың бейбіт жоспарынан бас тартты. 28 қаңтарда күндіз мыңдаған палестиналық бұл жоспарға наразылық білдірген.