Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы тұрғындары Қазақстан президентіне хат жолдап, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде халыққа оқ атуға бұйрық берген лауазымды тұлғаны анықтауды талап етті. Хатқа Жаңаөзен оқиғасынан соң полиция атқан оқтан туыстарынан айырылғандар, жараланғандар, мүгедек болып қалғандар, жазықсыз қамалғандар мен қамауда зорлық-зомбылық көрдік деген қала тұрғындары мен мұнайшылар жалпы саны жүзге тарта адам қол қойған.
Жаңаөзен тұрғындары Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев хатты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру үшін Нұр-Сұлтанға арнайы келгендерін айтады. Олар Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше мәрте жолдағанмен нәтиже болмағандықтан президент ауысқан соң мәселені қайта көтеріп отырғандарын айтады.
«Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ауқымды негізгі мәселе – қарусыз халыққа полицияның оқ атуы. Атыс қаруын қолдануға бұйрық беруге құқылы бірден-бір уәкілетті тұлға, ол – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болуы мүмкін бе? Бірақ полиция – төменнен жоғарыға бағынатын, атыс қаруын қатардағы полицияның өздігінен қолдануы мүмкін емес орган. Яғни – бұқара халыққа қарсы атыс қаруын қолдануға міндетті түрде біреу бұйрық берді. Демек, бұйрықты берген кім? Қарусыз адамдарға оқ атқандарды анықтап, жауапқа тартпай Жаңаөзен жағдайы тұрақтанбайтынын ескертеміз» делінген хатта.
Бұдан бөлек тұрғындар жараланғандарға, баласынан, туысынан айырылып, қатты күйзелістің салдарынан денсаулығынан айырылғандарға Жаңаөзен оқиғасынан зардап шеккен мәртебесін беруді талап етеді.
- 2011 жылы кім оқ атуға рұқсат берді? Сол мәселе қайта қаралсын және жеті ай ереуілде тұрған мұнайшылардың моральдық шығыны төленсін, зардап шекен отбасыларына мәртебе берілсін. Осындай талаптарды қойып отырмыз. Тоқаев мырза оны шешеді деп сенеміз,- деді Мұратбай Жұмағалиев.
Оның сөзін қоштаған 2011 жылы тамағынан оқ тиіп жараланған Нұрлыбек Нұрғалиев бас прокуратураға да хат тапсырып, Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтергеннен соң бірнеше жыл бұрынғы бұзақылық әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған Ержан Елшібаевтың да ісін қайта тергеуді талап еткендерін айтты.
Олардың хатын қабылдаған президент әкімшілігі "хатқа кімнің жауап беретінін білу үшін" үш күннен кейін хабарласуға кеңес берді.
2019 жылы да Жаңаөзенде жастар биліктен жалақысы жақсы жұмыс талап еліп, наразылық білдірген еді. Жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында бес жылға сотталған. Оның үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Елшібаев пен оның жақтастары істің саяси астары бар деп санайды. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты «саяси тұтқын» санатына қосқан.
2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Кейін ресми дерек бойынша, 17 адамның қаза болып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.
"Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айып бойынша 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып шықты. 21 адам шартты түрде, ал 13 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталған болатын. "Өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен бірнеше полицей де жауапқа тартылған еді.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез әрекеттерін сынап, Қазақстан билігінен қанды оқиғаға жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен.
Видео: Жаңаөзен оқиғасының хроникасы (16 желтоқсан 2019 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5