Еуроодақ пен Канададан кейін АҚШ та Ресейге жаңа санкция салды. АҚШ-тың қаржы министрлігінің 29 қаңтар күнгі хабарламасында "Украинаға агрессиялық саясатын жалғастырып, Қырымды жаулауға тырысқаны үшін" Ресейге санкция салынатыны айтылған.
Қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау басқармасының шешіміне сәйкес, сегіз адам мен АҚШ-тағы жеке темір жол компаниясының активтері бұғатталады. АҚШ-тың қаржы министрлігі "Ресей қолдайтын Қырымның заңсыз ресми тұлғалары" деп атаған жеті адамды 28 қаңтарда Еуроодақ санкция салынған адамдардың тізіміне қосқан. Канада "қара тізімге" алты адамды кіргізді.
Қазіргі кезде АҚШ үкіметінің "қара тізімінде" 692 жеке тұлға және заңды тұлға, еншілес компаниялар бар.
"Қырыммен экономикалық байланысты тереңдетуге күш салған Ресейді қолдағаны үшін" Grand Service Express компаниясы мен оның бас директоры Александр Ганов та санкцияға ұшыраған. Бұл компания Ресей жаулап алған Қырым түбегі мен құрлық арасында жолаушылар тасымалдайды. Көлік компаниясының баспасөз қызметі "Интерфакс" агенттігіне Grand Service Express Ресейде жұмыс істейді, сондықтан санкция әсер етпейді деп айтқан.
Оқи отырыңыз: "Қырым тұрғындарын әскерге шақырған Ресей халықаралық құқықты бұзып отыр"