Трамп заңгерлері сенат талқылауында импичментке негіз жоқ деді

Трамптың адвокаттары мен АҚШ жоғарғы сотының төрағасы Джон Робертс импичмент ісі бойынша талқылау кезінде. Вашингтон, 28 қаңтар 2020 жыл.

Дональд Трамп Украинаға әскери көмекті кешіктіріп, билігіне қысым жасауға тырысса да, бұл президентке импичмент жариялауға негіз бола алмайды. АҚШ президенті Дональд Трамптың заңгерлер тобы 29 қаңтарда сенат талқылауында осылай деді.

Адвокаттар тобының мүшесі профессор Алан Дершовицтің пікірінше, әрбір саясаткер өз мүддесін қоғам игілігімен ұштастырады, сол себепті "бұл жайт импичмент жариялауға негіз бола алмайды".

АҚШ сенатында президентке импичмент жариялау ісі бойынша сұрақ-жауап форматындағы талқылау басталған кезде қорғау тарабы осындай дәйек айтты. Бұл АҚШ тарихында болып отырған үшінші жағдай. Алғашқы екі жағдайда президент ақталған. Конгрестің жоғарғы палатасында республикашылдар көпшілік болып отырғандықтан сарапшылар бұл жолы да президент ақталады деп санайды.

18 қаңтарда басым бөлігі демократтардан құралған өкілдер палатасы Трампты Украина үкіметіне қысым жасау үшін өкілетін пайдаланды, Киевті "жеке саяси мүддесі үшін АҚШ-тағы сайлауға араластыруға" мәжбүрледі, кейіннен әрекетін жасыруға тырысып, конгрестің жұмысына кедергі келтірді деп айыптаған.

Ал Трамп командасы елдің саяси жақтастарының біріне (Украина) көмек беруден бас тартқаннан ешқандай заңбұзушылық көріп тұрған жоқпыз деді. Бұған дейін Трамп пен оның қорғаушылары президент Киевке қысым жасады дегенді жоққа шығарып келген.

Оқи отырыңыз: Трамп адвокаттары президентке "үстірт" айыптар тағылғанын айтты