30 қаңтарда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов аналардың осыған дейін айтқан кейбір талаптарына байланысты жауап берді. Бұған дейін билікке талап айтқан әйелдер баласы аз отбасыларға да жәрдемақы төлеуді, жетіден көп баласы бар отбасыларға жәрдемақыны өсіру қажеттігін айтқан. Бұл мәселелер өткен аптада Нұр-Сұлтанда болған министр мен аналардың кездесуі кезінде де қозғалған.
- "Ақыры көп балалы отбасы деген ұғым бар екен, не үшін жеті баламен шектелдіңіздер?" дейді. Себебі заңға сәйкес, жеті және одан көп баласы бар отбасыға 74 мыңнан төленеді. Әрине, 15 бала болса, ол аз. Сондықтан біз бұл мәселені өткен айда қарадық. Депутаттармен талқыладық. Қазір депутаттар заңға өзгеріс енгізді. Біз оны толығымен қолдадық. Сол заң енді қабылданады. Қазір үкіметтен шығып, парламентке қайтып келеді. Сол кезде 7 балаға - 74 мың, 8 балаға - 85 мың, 9 балаға - 96 мың, 15 балаға - 160 мың теңгеден төленеді. Бізде Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған 15 баласы бар бір жанұя бар екен, - деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Біржан Нұрымбетов.
Министр бала саны аз отбасыларға да табысына қарамастан жәрдемақы төлеу мәселесін "шешімі күрделі" мәселе дейді.
- Көп балалы аналарға сияқты оларға да сондай мөлшерде жәрдемақы төлесін дейді немесе 21 мыңнан беріңіздер дейді. Бұл мәселе көтеріліп жатқаннан кейін министрліктің өз ішінде әртүрлі жағдайларды ойластырып жатырмыз. Бірақ ол шешімін тапқан жоқ. Жоғарыға ұсыныс берілген жоқ. Шешімін табу қиын, - дейді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда бала саны төртке жетпейтін 2 млн 904 отбасы (4 миллион 600 бала) бар. Олардың 190 мыңы аз қамтылған отбасына жатады. Оларға жәрдемақы төлеу үшін көп қаражат қажет дейді.
- Бұл үлкен қаражатты талап етеді. Оның әртүрлі варианттарын есептеп, өзіміз үшін жасап жатырмыз. Бірақ әділеттілік жағынан сұрақ туындайды: егер 190 мың жанұя аз қамтылған болса, қалған 2 млн 700 мың жалақысы жақсы, дәулетті жанұя болса, олардың балаларына төлегеніміз дұрыс па? Сондықтан осындай дилемма бар. Шешімі жоқ, - деді министр.
17 қаңтарда әлеуметтік мәселелерін айтып Шымкент әкімдігіне келген аналар мемлекеттен берілетін көмектің мардымсыз екеніне шағымданып, әрең күнелтіп отырғандарын айтқан еді. Олардың кейбірі "көп балалы аналар сияқты бала саны аз отбасыларға да мемлекет жәрдем берсін" деп талап еткен.
- Пәтерде тұрамын. Үш балам бар. Несием бар. Біз мемлекеттен несие төлесін деп тұрған жоқпыз. Көп балалы аналар сияқты мемлекет бізге де жағдай жасасын. Бізге жылына оқу жылы алдында 25 мың теңге көмек береді. Бұл жетпейді. Біздің балаларымызға да азық-түлік, киім-кешек керек, - деген еді әкімдікке баласын көтеріп келген аналардың бірі.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкентте көп балалы әйелдер жаңа жылдан бастап күшіне енген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеудің жаңа жүйесіне наразылық білдірген еді. Олар өткен жылдың сәуір айынан бастап әрбір балаға төленген 21 мың теңгелік жәрдемақыны қайтаруды талап еткен. Жаңа жүйе бойынша, әрбір балаға 10 500 теңгеден төленеді. Кейбір әйелдер тек көп балалы отбасы ғана емес, баласы аз отбасыларды ғана үкімет әлеуметтік тұрғыда қолдасын деген.
Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемі ел астанасында уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқаннан кейін бірнеше қалада жаппай наразылық білдірген көп балалы аналар талабынан кейін сәуір айында көтерілген.
Видео: Көп балалы әйелдер наразылығы күшейген жыл (3 қаңтар 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5