Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлықпен сотталған шенеуніктер шартты түрде мерзімінен босап шығу құқығынан айрылады, айыппұл төлеп, жазадан құтыла алмайды және қоныстандыру колониясында жазасын өтей алмайды деді. 30 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен ведомство отырысы кезінде агенттік басшысы осылай деді.
"Жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту шаралары қарастырылады. Мәселе коррупционерлердің қоныстандыру колониясында жазасын өтеуге, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуына, жемқорлық бойынша ауыр және өте ауыр қылмыстар бойынша еселенген айыппұл төлеуіне тыйым салу және парақорлық бойынша делдал болғаны үшін жазаны қатаңдату туралы болып отыр. Бізде айыппұлды индульгенция (кешіру) ретінде қабылдай бастады. Ал түрмеде отыруы тиіс адамдарды қылмысты байқаусыз жасаған тұтқындармен бірге жұмсақ режимді түрмеге жібереді" деді Шпекбаев.
Агенттік төрағасының айтуынша, жаңа жүйе бойынша, жемқорлық туралы хабарлаған адамға айыптау үкімі оқылғаннан кейін параның 10 пайызы ынтыландыру ретінде берілмек. Бұған байланысты үкімет қаулысы да қабылданған. Бір факті бойынша 10 млн 600 мың теңгеге дейін сыйақы беруге болады.
Алик Шпекбаевтың айтуынша, 2019 жылы Қазақстанда 1002 лауазымды тұлға жемқорлықпен сотталған. 1700-ден астам жемқорлық қылмысы тіркелген. Мемлекетке 24,6 млрд теңге көлемінде шығын келген. 22,7 млрд теңге қайтарылған.
Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. 2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.
Оқи отырыңыз: "Процессуалдық келісім жемқорлықты ұлғайтады". Суханбердиева ісінің жаңғырығы