Шымкенттік белсенді Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесін таратуды талап етті

Шымкенттік белсенді Нұрлан Сыздықбек (ортада) наразылық білдіріп тұр. Шымкент, 3 ақпан 2020 жыл.

3 ақпан күні кешке Шымкентте белсенді Нұрлан Сыздықбек қала орталығында билікке қарсы бір адамдық пикет өткізіп, Қауіпсіздік кеңесін таратуды талап етті.

Сыздықбек Қазақстанды 30 жылдай басқарып, былтыр наурызда президентіктен кеткен, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан кетуін, Қауіпсіздік кеңесін таратуды да талап қылды. Ол Қытайдың Қазақстандағы жобаларына да наразылық білдірді.

Нұрлан Сыздықбек үстіне киген ақ қағазға "1993 жылғы Конституция қайтарылсын!", "Қауіпсіздік кеңесі таратылсын!", "Назарбаев, кет!", "Қытай экспансиясына жол жоқ!", "Қытайдың 55 заводы кіргізілмесін!" деп жазып, қала орталығындағы ірі сауда орталығының алдында тұрды.

Белсенді ары-бері өткен тұрғындармен тілдесіп, неліктен наразылық өткізіп жатқанын түсіндіруге тырысты.

- 1993 жылы қабылданған Конституцияда президенттікке үміткер төрт жылдан екі рет сайлануға құқылы екені жазылған еді. Бірақ кейіннен бір адамның мүддесі үшін бірнеше рет өзгертілді. Ата заң тек халықтың үнімен референдум арқылы өзгертілуі керек. Қауіпсіздік кеңесінің бюджеті шамамен бір облыстың бюджетіне тең екен. Бір облыста орташа есеппен миллион адам өмір сүреді. Осынша халықтың несібесін бір кеңестің жұмысына жұмсау дұрыс емес. Әр адам өз ойын, пікірін білдіруге құқылы. Қазір елдің әлеуметтік жағдайы нашар. Халық кедей. Жұмыссыз жүрген жастар шетел асып кетіп жатыр. Осының бәрі жаныма батады, - деді белсенді Азаттыққа.

Белсендінің наразылығы жарты сағатқа созылды. Оны полиция қызметкерлері бақылап тұрды.

Шымкент белсенділері соңғы уақытта билікке талап айтқан түрлі наразылық шаралары көбейді. Олар биліктен "саяси тұрқындарға" бостандық беруді, "қымбатшылықты тоқтатуды" талап еткен. Белсенділердің кейбірі "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен айыппұл алған я бірнеше тәулікке қамалып шыққан.